Жергілікті атқарушы органдардың мәліметтері бойынша, елде осындай ғимараттардың төрт мыңнан астамы бар. Реновацияның тиімді механизмдерін іске асыру және жеке инвестицияларды тарту құрылыс саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттеріне айналды.
Президенттің «Әділетті Қазақстан — барлығына және әркімге. Қазір және мәңгі» сайлауалды бағдарламасының іс-қимыл жоспарының 60-тармағы аясында апатты және тозығы жеткен тұрғын үйдің шамамен 40 мың меншік иесін жаңа баспанамен қамтамасыз ету жоспарлануда. Бұл туралы Қ. Мыңбаев хабарлады.
Заңнамаға енгізілген өзгерістер
Реновацияны сапалы іске асыру үшін заңнамаға өзгерістер енгізілді. Жаңа нарықтық механизмді Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының кепілдіктерімен қолдануға мүмкіндік беретін заңға тәуелді актілер қабылданды.
Механизм құрылысшыларға үлестік құрылыс туралы заңнама шеңберіндегі жобаларға қатысуға мүмкіндік береді. Ол тұрғындардың құқықтарын қорғайды, жеке инвестицияларды ынталандырады және бюджетке түсетін жүктемені азайтады.
Әкімдіктердің рөлі
Әкімдіктер реновация объектілерінің тізімдерін қалыптастырады және үйлерді паспорттау нәтижелері негізінде егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын жаңартады. Реновация тек бекітілген қала құрылысы жобалары шеңберінде жүргізіледі.
2025 жылы жергілікті атқарушы органдар 2029 жылға дейін апатты және тозығы жеткен тұрғын үйдің меншік иелерін бұзу арқылы жаңа баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі Жол карталарын қайта бекітті.